«Қазақстанның әр этносы - бұл біз бен сіздің жетістігіміз. Көпэтностық - біздің жалпы, ұлы қазынамыз»

Н.Ә. Назарбаев

Қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениеті

Басты бет » Жамбыл облысының этностары » Қазақтар » Қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениеті

Қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениеті

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ

Қазақ халқында қарттарды құрметтеу, үлкендерді сыйлау, балаларға жанашырлық, жастарға қамқорлық ету, ата-ананы ардақтау, әйелдерді аялау ізгі дәстүрлерге айналған. «Қасқа қатал, досқа адал болу»- қазақ халқының негізгі мінез-құлқы. Қазақ халқында тым ертеден келе жатқан көптеген әдет-ғұрыптар бар. Бұл әдет-ғұрыптар қазақ өмірінде жазбаға түспеген заң сияқты терең тамыр тапқан.

ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ

Қазақ халқы тарихтан бері өте қонақжай халық. Қазақтар үйіне келген кез-келген мейманды (оның қайсы ұлт болуына қарамай) таныса да, танымаса да жылы шыраймен құшақ жая қарсы алып, сыйлап күтеді. Өзінің ең аяулы асын қонақасыға береді. «Қонақасы - қазақтың бөлінбеген еншісі» болып есептеледі. Тек мейманның өзін ғана емес, оның ат-көлігін де күтіп, аттанарда аман-есен қолына тапсырады. Бұл үшін мейманнан ешқандай ақы алмайды, алуды намыс деп біледі. «Егер қоналқы жердің бәрінде қазақ болса, бір уыс азық, бір тиын қаражат алмай жылдық жолға жолаушы жүруге болар еді» деген тәмсіл осыдан шыққан.

Қонақ келсе «қой сойып, қол қусыру» қазақтар үшін аса абыройлы іс және жалтартпайтын міндет. Өте қадірлі қонақтарға тай сойып, қонақасы беріп аттандырады.

Сойылатын малды асаба алдымен қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп бата тілейді. Қонақтар бата жасаған соң мал сойылып, ет асылады. Ет піскенше меймандарға кең дастарқан жайылып, дастарқанға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сарымай қойылып, қаймақтаған шай құйылады, шайдан соң жаздыгүні болса қымыз, қыстыгүні болса езген құрт беріледі. Осы мезгілде әдетте үй иесі жағынан домбыра шертіліп, күй тартылып, ән айтылады. Бұл «ауылдың алты ауызы» деп аталады. Одан соң кезек меймандарға келеді, олар ән шырқап, қисса-дастан, яки ертегі айтуы керек болады. Егер айта алмаса, түрлі әзіл-қалжыңдармен құтылады. Ет піскен соң қолға су құйылып, тамақ тартылады. Қонақтың алдына сойылған қойдың басы, жамбасы, сүбесі және тағы да басқа жіліктерден жасалған табақ тартылады. Қонақтың ең сыйлысы бастың оң езуінен бір кесіп жеп, оң құлағын кесіп табаққа қойып, басты үй иесіне қос-қолдап қайтарады. Бұл асабаның құрметіне білдірген разылық деп есептеледі, одан кейін табақтағы етті кесіп жеуге кіріседі. Табақты тауыса жемесе, үй иесінің көңілі көншімейді.

Мейман күтуде малдың он екі жілігінің өз алдына мәртебесі бар. Жасы үлкен сыйлы қонақтарға бас пен жамбас, күйеу мен келінге төс пен асықты жілік тартылады. Балаларға тіл, құлақ, бүйрек, жүрек беріледі. Тамақ жеп болған соң бата беріледі, қонақтардың қолына су құйылады. Мейман күтудің дағдылы дәстүрі осы. 

ЕРУЛІК

Көшпелі қазақ халқы көші-қонды аса келелі іс санады, көшу- қазақтар үшін салтанат іспеттес болды. Қазақ қауымы көшкен күні жақсы киімдерін киіп, көштегі жүк артқан түйеге кілем-кілше, сырмақтарын оң бетін сыртына қаратып жабатын болған. Қатар отырған ауылдар жанына келіп қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігіседі және «ерулік» апарады. Ерулікке дастарқан көтеріп, шай, сабалап қымыз, тіпті қой сойып апарылатын. Бұл көшіп, шаршап келген туыс- жұрағаттарына жасалған сый - құрмет және қамқорлық еді. Бұл істер ағайын арасында «еруліге қарулы» ретінде алма-кезек шақырысуға ұласып  отыратын. Мұны қазақтар «ағайын берекесі» деп атайды.

АСАР

Қазақ арасында ерте заманнан келе жатқан салттардың бірі - «асар салу» деп аталады. Бұл салт бойынша, көпшілік күш біріктіріп, бір-бірінің жұмысына қолқабыс көрсетеді. Қауырт күш жұмсауды талап ететін жұмыс кезінде, мысалы: қой тоғыту, қой қырқын, жүн сабап, киіз басу, үй көтеру, жылқы күзеп, тай таңбалау,  бие байлау, соғым сою, егін ору, шөп шабу және жинау, қора салу, той жасау, ас беру, өлім ұзату сияқты істерде ауылдастар мен руластар жабыла жұмылып, бұл істерді бірге атқарған. Үй қожасы осы көмекке  келіп, қолқабыс істегендерді тамақпен сыйлайды, асар салғанда көбінесе мал  сойылады, бірақ қолқабыс істеушілер істеген жұмысына ақы алмайды. Бұл қарапайым халық арасындағы өзара көмектің бір түрі болды. 

ӨЛІМ-ЖІТІМ ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ ДӘСТҮРІ

Қазақтардың сүйекті жерлеу дәстүрі ислам шариғаты бойынша болады. Адам қайтқан соң иегін таңып, бетін құбылаға қаратып жатқызып, бетіне таза бүркеншік жауып, айналасын шымылдықпен қоршап, оңаша жатқызады. Туыс- туғандары жұртқа хабар айтады. Дағдарысында сүйек сол үйде бір күн яғни күн түнейді. Бұл күндері жақын туыстары шырақ жағып, жанында күзетіп отырады. Жаназаға жиналған жұрт осы үйге кіріп, сүйекпен қоштасып, туыстарына көңіл айтады. Одан соң сүйекті арулап жуып, «ақырет кебін» деп аталатын ақ пұлға орап, «дәуір» жүргізіп, «ысқат» шығарады. Бірнеше мал ала жіппен байланып, сол үйдің есігінің алдына әкелініп, дәуір жүргізуші адам мал байланған жіпті ұстап: «бұл адамның бір жылдық өтелмеген ораза, намаз, тағы басқа парыз- қарыздары үшін» өліктің төрт  жағында отырған молдаға ұстатады, молда «қабыл алдым» деп жіпті алып, қайта береді. Бұл адам қанша жасқа келген болса, сонша рет осылай істеледі.  Одан соң өлік үйден шығарылып, жаназа оқылады. Жаназадан кейін өліктің баласы, яки туысы жұртшылықтан «марқұм қандай адам еді?» деп сұрайды. Көпшілік бірауыздан: «Марқұм ізгі адам еді, иманы сәлемет болсын, жаны жаннатта, топырағы торқа болсын!» деп жауап береді. Жаназадан соң сүйек қазылған қабыр басына апарылады. Сүйек  басы оңтүстікке, аяғы солтүстікке, беті құбылаға (Меккедегі Байтолланың тұрған жағына) қаратылып шалқасынан жерленеді. Сүйек қабырға енгізілерде қабыр басына барғандардың бәрі оның үстіне бір шымшымнан топырақ салады, содан кейін сүйек қабырға қойылып,  беті жабылады. Сүйек жерленгеннен кейін жетінші күні «жетісі» беріледі. Бұл күні сүйекті жуған адамдарға киім және киімдік кездеме таратылып беріледі. Қырық күн өткен соң «қырқы» өткізіледі. Бір жыл толғанда «жылы» беріледі.

ЖЫЛУ-ЖӘРДЕМ

Қазақ арасындағы өзара көмектің осы бір түрі тым ерте кездегі рулық қауым құрылысынан бері келе жатқан әдет-ғұрыпқа жатады. Бұл  бойынша: табиғи жұт-апатқа, өртке, селге тағы басқа да дүлей күш кесіріне кенеттен кездесіп, мал-мүлкінен, баспанасынан айрылып, күн көрісі қиынға соққан адам өзінің туыстары мен руластарынан жылу-жәрдем сұрайды. Бұған ағайын-туғандары мен руластары түгел көмектесіп, жылу-жәрдем жинап береді, одан ешкім  бас тартпайды. Жылу беруден кімде- кім бас тартса, өз басына осындай күн туғанда мұндай көмектен мақұрым қалады және жалпы жұрт келесін бұзғандығы үшін жек көрінішті болады.Кездейсоқ  шығынға ұшырап, борышын төлей алмаған адамдар да өзінің туыстары мен руластарынан осы борышты төлесуді талап етеді. Бұл да «жұртшылық жәрдемі» деп аталады.Қолының қысқалығынан үйленуге шамасы келмеген адамдарға да, ағайын - туғандары «қалыңмалға» көмек көрсетеді. Қазақтың байырғы салты бойынша, мүлде панасыз қалған жетім-жесірлерді және қарайтын адамы жоқ, салт бас қарттар мен мүгедектерді ағайын-туғандары яки руластары асырап, бағып- қағуға міндетті болған. Халық бұқарасы ішінде мұндай көмектің өмір сүруі қазақ қоғамында қайыршылардың болмауына игі әсер етіп отырды.