«Қазақстанның әр этносы - бұл біз бен сіздің жетістігіміз. Көпэтностық - біздің жалпы, ұлы қазынамыз»

Н.Ә. Назарбаев

Қазақ халқының ұлттық киімдері

Басты бет » Жамбыл облысының этностары » Қазақтар » Қазақ халқының ұлттық киімдері

Қазақ халқының ұлттық киімдері

Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және салтанат-ғұрып киімдері болады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері:  көйлек,  дамбал,  желетке,  кәзекей; сырт киімдерге:  шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады. Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдіпті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз.

Айыр қалпақ

Ерлердің киізден тігілген жеңіл бас киімі . Айыр қалпақ жұқа етіп басылған ақ киізден тігіледі. Ол негізгі екі бөліктен құралады. Олар — қалпақтық төбесі және етегі (кейде қайырмалы деп те айтады). Қалпақтың төбесі төрт сайдан (бөліктен) тұрады. Шебер пішілген төрт қиынды киізді арасына қара барқыттан сыздық салып, қайып тігеді. Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәріздес болып шығады. Қалпақтың етегі жалпақтығы төрт елідей етіп, дөңгелектеп қиып алынған ақ киізден жасалады да, оны жоғарғы бөліктің (төбе) етегіне сыздық салып қондырады. Сәнді болу үшін, қалпақтың қайырмасының астыңғы жағы кейде қара барқытпен көмкеріледі . Қалпақтың төбесіне қара не басқа түсті шашақ тағын, төбесінің төрт сайы әр түрлі жібек жіптермен кестеленеді. Ақ киізден тігілген айырқалпақ әрі жеңіл, әрі салқын, әрі сәнді болып келеді. Соңғы кезде жергілікті өнеркәсіп орындары айыр-қалпақты әр түсті киізден жасап шығарып жүр.

Жарғақ шалбар

Иленіп, әбден өнделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар,  бектер  мен  билер, сал-серілер салтанатқа киген.

Тымақ

Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағаласы – түлкі тымақ. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен,   пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай (бөлек) үшкіл (үш бұрышты)  киізден  құралып, шошақ болып келеді.

Саптама етік

Қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде   жүргенге жылы, әрі қолайлы.

Байпақ

Жылылық үшін етіктің, мәсінің ішінен киетін киізден тігетін аяқ киім. Қыста киетін байпақтық киізі қалың, ал жазда киетін байпақтың киізі жұқа болады. Байпақ тігудің екі тәсілі бар. Оның бірі табанын бөлек салып ұлт арып тігу; екіншісі, тұтастай қусырып тігу. Байпақтың тігісі аяққа батпау үшін оны сыртынан тігеді. Тігуге түйе немесе қой жүнінен иірілген шуда жіпті пайдаланады. Жүннен тоқылатын байпақтардың қонышы қысқа болады. Ерте кезде оны шұлғау орнына киіз байпақтың ішінен кию үшін де пайдаланған. Қазіргі кезде бәтеңкенің, қысқа қонышты етіктің, мәсінің ішінен киеді. Байпақ түйе жүнінен, қой жүнінен, ешкінің түбітінен тоқылады. Мұндай байпақтар әрі жылы, әрі жеңіл, әрі жұмсақ болады.

Кимешек

Жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол өн бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.

Бөрік

Қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі , оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік, т.б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді .

Мәсі

Аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан галош киіледі. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратып, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады.Мәсі - әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім.Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар мәсіні көптеп шығаратын болды. Аяқ киімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан-жылға көбейе түсуде.

Тақия

Ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ ғана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», қабырға тігістерімен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжымнан, ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.

Шапан

Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матаның арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап, сырып тігеді. Ол негізінен тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады. Шапан: сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан деп бөлінеді.

Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті масатыдай тігіп, жаға-жеңіне, етегі мен екі өңіріне зер ұстайды. Түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма (ілгек) тағады. Қазіргі кезде түрлі-түсті масатыдай екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер ұсталған жадағай (арасына жүн, мақта салмай) шапандар тігіліп сатылады. Қазақ халқының арасында сыйлы адамдарға шапан кигізу дәстүрі кең тараған.

Қамзол

18- 19 ғасырларда қазақ халқы арасында кең тараған ұлттық киім. Қамзол туралы мәліметтер 19 ғасырдың ортасынан бастап кездеседі. Қамзол тек қазақта ғана емес, басқа да түркі елдерінің киім үлгілерінде кездеседі. Әйелдер киімінде қамзолдың орны ерекше, ол әрі жылулық, әрі сәндік міндеттерін атқарады. Қамзолдар астарлы, жеңсіз жеңіл жаздық киім. Етектері мен жағалары тас, оқа, күміс тиындарымен (сөлкебай)әшекейленген, бұйымдар қадап, әртүрлі әткеншектер ілінген.

Құлақшын

Ерлердің баскиімі. Бұлғын, құндыз, жанат, түлкі, қарсақ, суыр және т.б. аң терілері мен бұзау, қозы-лақтың бұйра терісі (елтірі) сияқты үй жануарларының терілерінен тігіледі. Төбе жағы екі түрлі тәсілмен пішіледі. Бірнеше сайдан тұратын үшкіл, етек жағы тік төртбұрышты болып келген немесе етек жағы қусырылып тігіліп, оған дөңгелек төбе қондырылған түрлері болады. Теріге өлшеп пішіліп астарының арасына жүн, мақта салып, сырып тігіледі. Сыртын терімен тыстап, қалыпқа кигізіп, керіп қояды.

Ішік

Ішік — қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіріден, сеңсеңнен, әр түрлі аң терілерінен тігеді, сырты матамен тысталады. Ішік тігілетін терінің түріне қарай: елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын  деп аталады. Ішік тігетін теріні шел майынан, көк етінен арылтып алған соң ашыған айран жағып илейді. Тері әбден иі қанғанда ирек тарақпен тарап, қолмен уқалап, керіп-созып жұмсартады. Ішікті жөрмеп тігеді және тігістерінің бәрі терінің тақыр жағына қарайды. Қасқыр ішікке қасқыр не түлкі терісінен, сеңсең ішікке елтіріден, басқа түрлеріне құндыз не бұлғын терісінен жаға салынады.  Сеңсең, қасқыр ішіктерді ерлер, қалған түрлерін көбінесе әйелдер киген. Әйелдер мен бойжеткендер киетін ішіктер өте сәнді етіп тігіледі. Олардың өңіріне, жеңінің аузына, етегіне айналдыра құндыздан, сусардан жұрын ұстайды. Тысына жібекпен кесте тігеді. Елтірі ішік аса марқаймаған қозының бұйра елтірісінен тігіледі. Сеңсең ішік — марқа қозының терісінен, сеңсеңінен тігіледі. Орман ішік түлкінің тамақ терісінен, пұшпақ ішік — түлкінің пұшпақ терісінен тігіледі. Ішіктің қайсы түрі болса да әрі жылы, әрі киюге сәнді тамаша киім.

 

Қазақтар ерте заманнан бері және ХХ ғасырдың басына дейін 12 жылдық айналымды, яғни мүшелді негізге ала отырып, ескі халық күнтізбесін кең қолданған. Қазақтар осы жүйені тек адам жасын анықтау үшін емес, сонымен қатар саяси және экономикалық өмірде де қолданған.

Қазақтар жұлдыздардың қозғалысын, тұрған жерін, пайда болу және сөну мезгілдерін байқап, осынегізде тұжырым жасап үйренді. Осылай, түнде жалғыз жолда қалғанда, олардың негізгі бағдары - Темірқазық жұлдызы болды. Олар бұл жұлдыздың Солтүстікте тұрғандығын және қозғалмайтындығын жақсы білді. Түндегі қозғалыс барысындағы бағыттарын Үркер жұлдызы арқылы анықтады. Көшпенді мал шаруашылығымен өмір сүрген қазақтардың өмірі күрделі қозғалыста болатын – Шолпан планетасын бақылауға себепші болды. Қазақтар Жеті қарақшыға қарап, қателеспей түнгі уақытты анықтаған.

Қазақтар сонымен қатар,  Құс жолына қарап әлемнің төрт бұрышын және уақытты анықтай алған.

Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезеңде қазақтардың ауызша шығармашылығы мен музыкасы кең көлемде дамыды. Шалкиіз (ХҮғ.), Доспамбет (ХҮІғ.), Жиембет (ХҮІІғ.) жыраулардың жырлары сол дәуірлердегі қоғамдық-саяси және рухани жағдаяттарды дәл басып бере алды деп айтуға толық негіз бар. Қазақтың«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» және де басқа да эпостары, дәстүрлі әндері мен ертегілері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық және лирикалық поэмаларына «Қозы Көрпеш және Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Күлше қыз»,  және т.б. жатады.

Қазақтың поэтикалық алтын қорында ХҮІІІ ғасырдың атақты жырауы Бұқар Қалқаманұлының (1693-1787жж.) бірнеше шығармалары сақталған. Ол Қазақ  Елі Тәуелсіздігінің сақталуы мен нығаюына қатысты  ойтолғауларын Абылай ханға ашық жеткізіп, мемлекет басқарудағы саясатына үлкен ықпал ете алған.

Қазақ билерінің қоғамдағы орны ерекше жоғары болды. Сыртқы жауларға қарсы қарулы күреске шығу үшін халықты бірлікке шақырған үйсін руынан шыққан Төле бидің, қаракесек руынан шыққан Қаздауысты Қазыбек бидің, алшын руынан шыққан Әйтеке бидің және т. б. билердің шабытқа толы нақыл сөздері өз уақытында үлкен саяси маңызға ие болғандығы даусыз.

Қазақтар ән-күй өнерін жоғары бағалады. Кең таралған музыкалық аспаптары–домбыра, қобыз, сыбызғы болды.

Қазақтың жазу тарихы. Алфавитсіз жазу, жазусыз кітап болмайтыны белгілі. Қазақтың көне және қазіргі кітаптары бірнеше  (араб,латын,орыс) алфавиттері негізінде жазылып, басылып келді.

Қазақ жерінде араб жазуымен түркі тілінде жазылған тұңғыш кітаптардың бірі – «Құтты білік». Оны 1069 жылы баласағұндық ірі ғұлама Жүсіп Баласағұн жазып алып, сол кезде Қашқар мен Жетісуды билеген Сұтұқ Бограханға сыйлаған. Кітаптың араб алфавитімен жазылған екі нұсқасы Каир мен Ташкентте сақталулы. Ал, Бограханға берілген үшінші нұсқасы ұйғыр алфавитімен жазылған.

Қазақтың көне тілінде жазылған келесі кітап «Дивани луғат-ат-түрік» (Түрік тілдерінің сөздігі, 1072-1074 жылдары жазып бітірген) араб алфавитімен жазылған, авторы белгілі ғұлама ғалым Махмуд Қашқари. Осыдан бастап Орта Азияның ұлы ғалымдары мен ақындары, тарихшылары араб жазуын орта ғасырға дейін пайдаланған. Ал араб алфавиті Қазақстанда  1929 жылға дейін, яғни 900 жыл бойы қолданылған.Ол кездегі әйгілі ғалымдар мен ақындар өздерінің еңбектерін көбінесе басқа халықтарға да түсінікті араб және парсы тілдерінде жазған.

Солардың ішіндегі ХҮІ-шы ғасырдың бірегей перзенті, қазақ халқын құрған ежелгі түркі тайпаларының бірі - дулаттан шыққан ойшыл ғұлама, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ Геродоты атанған тарихшы, қолбасшы әрі дипломат Мұхаммед Хайдар Дулати екендігі белгілі. Бабырдың айтуы бойынша Мұхаммед Хайдар Дулати  энциклопедиялық біліммен қаруланған ғалым болған. Ол сол кезеңдегі саяси жағдайлар мен саяси қайраткерлердің барлығынан хабардар болатын. Ғалым Моғолстан, Орта Азия, Қазақстан, әсіресе дулат тайпасының сан қатпарлы     тарихының білгірі ретінде 1541-1546 жылдар аралығында Кашмирде өзінің атақты туындысы «Тарих-и Рашидиді» жазады. Аталған еңбекті дәйекті мұрағаттық мәліметтерге  негізделген тарихи анықтама ретінде қолдансақ та болады. Мұхаммед Хайдар Дулати еңбекте шығыс ақын-жазушыларына, ғұлама ғалымдарына тоқталып өтеді. Олардың поэзиясына теориялық талдау жасап, өлеңдерінен мысалдар келтіріп отырады. Сондай-ақ сурет өнерінің тарихын да баяндайды. Суретші Бекзадамен оның шәкірттері салған бейнелерге жан-жақты талдау жасаған. Орта ғасырлық қазақтардың тарихы жайында да көп жазады. Сондай-ақ Ауғанстан, Тибет, Үнді елдерінде болған саяси, мәдени, әлеуметтік оқиғаларды да қамтыған. Осы аймақтарды мекендеген ру-тайпалардың тарихын, қоғамдық-әлеуметтік өмірін, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-санасын жазған. Жанрлық тұрғыдан келгенде «Тарих-и Рашидиді» ғылыми еңбек, түркі тектес халықтардың шежіресі, тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды десек болады.

Қазақ тарихи әдебиетінің ХҮІ ғасырдағы маңызды ескерткіштерінің бірі - Қадырғали Жалаиридің «Жәмиғ ат-тауарих» атты шығармасы. Бұл кітапта ХІІІ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ рулары мен қазақ хандары ( Орыс хан мен Тоқтамыс ) жайында мол мағлұматтар беріледі.

 Ал, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмет Ясауи, Сүлеймен (Хакім Ата) Бақырғани, Әбілғазы Баһадурлер еңбектерін өз ана тілдерінде (қыпшақ - қазақ) жазған.Осылардың соңғысының «Түрік шежіресі» еңбегі тұрғысында, осы кітапты 1906-шы жылы Қазан университетінің баспасынан шығарған академик Г.С.Саблуков өз ойын былайша қорытады: «Түрік шежіресінің» тілі түрік тілінің шағатай тармағы, ол шығыс ориенталистерінің түюінше басқа түрік тілінен ерекше. Өйткені  мұндағы түрік тілі, араб, парсы сөздері мен сөйлемдері араласқан басқа тілдерге қарағанда таза сақталған, яғни ол қазақ, башқұрт, орынборлық татарлар тілімен бірдей. Әбілғазы өз шығармасын түріктің ең таза тілімен, бес жасар сәби түсінетіндей өз отандастары күнделікті сөйлейтін қазақтың үйреншікті таза тілімен жазған».     XX ғасырдың басынан, атап айтқанда, 1905 жылдан бастап  көп  нүктелі  араб жазуына реформа жасалды. Мұны қазақша «төте оқу» немесе «тура жазу» деп атады.

Қазақ кітаптары кеңестік реформаларға дейін осы алфавитпен жарияланды. Латын алфавиті–көне және халықаралық алфавит. Онымен ағылшындар, итальяндықтар, француздар, немістер жазады. Кеңес Одағындағы түркі тілінде сөйлейтін халықтардың жаңа түрік алфавитіне көшу қажеттігі жайында Орта Азия республикаларының көптеген ғалымдары өзара пікір алысты. Баку мен Ташкентте арнаулы конференциялар өткізілді.  Бұл мәселе жайында Қазақстан ғалымдары да Қызылордада айтысып, өзара пікір алысты: латын алфавитіне көшуге дайындалу мақсатымен әрбір республикада «Жаңа түрік алфавитіне» көшу комитеті ұйымдастырылды. Сонымен латын алфавиті 1928 – 1929 жылдары Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Қазақстанда, Татарстанда кеңінен қолданыла бастады.

Қазақстанда 1929-1939 жылдары шыққан кітаптар мен газет-журналдар латын әрпімен жарияланды. Сөйтіп, жаңа алфавитке көшу – жазба мәдениетімізде белгілі бір тарихи кезең болды. Орыс алфавиті негізінде қазақ әріптерін жасау 1939 жылы қолға алынды. 1940 жылы түгелдей орыс алфавитіне көшу туралы  Жоғарғы Кеңестің Жарлығы шығып,  жаңа алфавиттің үлгісі бекітілді. Содан бері барлық кітаптар мен мерзімді баспасөздер орыс алфавитімен жарияланып келеді.