«Қазақстанның әр этносы - бұл біз бен сіздің жетістігіміз. Көпэтностық - біздің жалпы, ұлы қазынамыз»

Н.Ә. Назарбаев

Ұлттық ойындар, мерекелер

Басты бет » Жамбыл облысының этностары » Қазақтар » Ұлттық ойындар, мерекелер

Ұлттық ойындар, мерекелер

Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына.  Қазақ өміріндегі той-мерекелерде көптеген ойындар өткізіледі. Бұл ойындардың көпшілігі ашық далада, ат үстінде ойналатын спорттық сипаттағы ойындар. Олар: «Көкпар тарту», «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Бәйге», «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Ат шаптыру», «Жорға салу»,  тағы басқалар.  Ұлттық ойын­­дардың  балаларға да лайықтылары бар. Оларға «Жасырынбақ»,  «Алтын қақпа», «Ақсерек – Көксерек», «Асық», «Ақ сандық – Көк сандық» сияқты ойындар жатады.

Мерекелер

Мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі қазақ өмірінде жаздың үш айы «өмірдің жәннаты» есебінде болды. Гүл-бәйшешекке бөленіп, масатыдай құлпырған жасыл жайлауда қыс қысымен көріп келген қазақтар жадырап жазылып, барлық той-томалақ, ойын-сауық, сән-салтанатын  өткізді. Қазақтың «қыс қысыл, жаз жазыл» деген сөзі осы өмірден туған. Қазақтар үшін «той» тек той жасаушы жеке отбасының қуанышы ғана емес, сол бір тайпа елдің ортақ мерекесі ретінде есептелді. Сол үшін де, бір отбасы той жасаса, оның ағайын - туған жұрағаттары  үйлерін апарып тігіп, биелерін байлап, астарын әзірлеп, табандарынан тік тұрып қонақ күтісіп, той жұмысын атқарды. Бұдан сырт қалу елдің елдігіне  нұқсан келтіргендік, азаматтық борышты атқармағандық болады.Қазақтың тойына шақырылған аумақтарға ер-әйел, кәрі-жас, бала-шаға түгел барады, мал бағып үйде қалғандарға да  тойға барғандар сарқыт ала қайтады. Тойға саба артып, тойлық шашу ала баратын дәстүр де бар. Қазақ өмірінің әрбір белесі тойсыз, өлеңсіз өтпейді. Қазақ тойлары «тойбастар» жырымен және шашумен басталады.

ҚАЛЖА ЖӘНЕ  ШІЛДЕХАНА

Баланың дүниеге келуі тек сол бала туған отбасының ғана қуанышы емес, күллі ауыл-аймақтың ортақ қуанышы. Әсіресе ұл баланың тууын қазақтар қатты қастерлеп, «ұл туғанға күн туады» дейді. Байырғы қазақ салты бойынша, бала туған күні сол отбасында той басталып, «қалжа» сойылып, маңайдағы абысын-ажын, тағы басқа әйелдер сол үйге жиналып, «баланың бауы берік болсын» айтып құттықтайды. Ал кешінде қыз - бозбала жиналып, түні бойы ән салып, домбыра шертіп, өлең айтып «шілдехана» тойын өткізеді, бұл кейде  үш күнге созылады.

БЕСІК ТОЙ

Жаңа туған балаға ат қойып, оны алғаш бесікке бөлеу жорасы «бесік той» деп аталады. Бұған көбінесе сол төңіректегі әйелдер шақырылады. Келген әйелдер балаға арнап шашу, көйлек-көншек, тана-моншақ, үкі, тағы басқа тойаналар әкеледі. Осы тойда балаға ат қойылады. Атты жасы үлкен ер адам қояды. Ат қойылатын баланың оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет «сенің атың...» деп айғайлайды. Ұрпақ өсірген үбірлі-шүбірлі қадірмен әйел бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды. Сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті бауырсақ үлестіреді, мұны «тыштымба» деп атайды. Онан соң әлгі әйел баланы тұңғыш рет бесікке бөлейді. Тойға жиналғандар тойға дайындалған тамақты жеп, баланың өмірі ұзақ, бауы берік, бақытты болуын тілеп бата беріп тарасады.

ТҰСАУ КЕСЕР

«Тұсау кесу» мерекесі. Оны бала бір жасқа толғанда, жігерлі, екпінді әйел(жүйрік) жасайды. Баланың аяқтарын«әдейі екі түрлі бағытта тоқылған»  қара-ақ (ала) жүн жіппен байлайды, алдымен бір аяқты байлап айқастырады, содан кейін екіншісін байлайды.Бұл әрекет «Тұсау кесер» деп аталады. Содан кейін баланың аяғына тамақ салынған шыныаяқ қойылады. Әдеп-ғұрыпты жасайтын әйел, «мен сияқты жүйрік бол» деп айта отырып,  баланың аяғындағы жіпті кеседі, сосын баланы қолынан ұстап, ары-бері жүргізеді. Содан кейін бұл жіп «баланың шапшаңдығы оттың  шапшаңдығына ұқсайтын болсын» деп, отқа тасталады. Осы әйел  өзімен бірге бір табақ әкеліп (жілік, құйрық), оны жабадыРәсімге қатысатын әйелдер өздерімен бірге қонақжай, сыйлықтар, балалар киімдерін әкеледі. Салтты орындағаннан кейін оларды қайнатылған етпен сый көрсетеді.

Тұсау кесер әдеп-ғұрыптың семантикасы  төмендегі дүниеден орта әлемге қайта шығу, үзуді білдіреді.  Ана құрсағының бесігінен бала бесіктің құрсағына түседі, бір жылдан кейін ол жердің бесігіне кіреді және осы сәттен бастап өмір жерінің адамы болып саналады.

БАЛАНЫ АТҚА МІНГІЗУ МЕРЕКЕСІ

Қазақ балалары бес жасынан бастап атқа салт мінуге жаттығады. Ата-аналары баланың алғаш атқа мінуін қуаныш етіп той жасайды. Атқа мінетін бала жаңа киім киіп, басына үкі тағып, «ашамай» деп аталатын екі қасы «Х» түрінде айшықталып жасалған ерге мініп, туған-туысқандары мен руластарын аралайды. Туыстары оған шашу шашып, айыл-өмілдірік, құйысқан, жырым- шеттік, шыбыртқы-қамшы сияқты ер-тұрмандарын байғазыға береді. Осыдан бастап бұл бала өз алдына ер-тұрманға ие болып, көш кезінде «тай-құнанға» мініп жүре бастайды. Көшпелі тұрмысқа сай, қазақта адам басына бір-бірден қажет нәрсе ер-тоқым болады. Қазақ ішінде ат-көлік табу оңай, ер-тұрман табу қиын. Өйткені, қазақтың өмірінің көбі ат үстінде өтеді. Қазақтар «ер атымен, құс қанатымен» деп, атты ер адамның қанаты есептейді. Атқа мінудің алдыңғы шарты ер-тоқым, атқа жайдақ мінуді жаяушылықтан жаман көреді. Ат жалында өскен қазақ балаларына «ат» әрқашан да ардақты.

СҮНДЕТ ТОЙЫ

Ислам дінінің жол-жосығы бойынша қазақтар ұл балаларын бес жаста яки жеті жаста сүндетке отырғызады. Осыған байланысты той жасалады. Той қарсаңында сүндеттелетін баланы басына және екі иығына үкі тағып атқа мінгізіп, жақын туыстары мен жұрағаттарын аралатады. Барған жеріндегі туыстары шашу шашып құттықтайды. Балаға үкі қадайды, кепеш кигізеді, әл- ауқатына сай лақ, қозы, құлын сияқты жас төлдің біріне ен салып береді. Осы тойда балаға арнап ен салынған еркек құлын есейгенде баланың «сүндет аты» есептеледі. Қазақ арасындағы бала сүндеттеу ісін осы кәсіппен шұғылданатын «қожалар» жүргізеді. Бұл қожаларды қазақ қауымы «Мұхаммед пайғамбардың әулеті» деп ардақтайды.